-8.7 C
Kokshetau
Сәрсенбі, Наурыз 22, 2023

Қазақстан азаматының мемлекеттік тілді білуі міндет пе?

Адам және заңҚазақстан азаматының мемлекеттік тілді білуі міндет пе?

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде дүкендерде, көпшілік орындарда ұлт белсенділерінің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеуге байланысты түсірген видеолары жиі жарияланып жүр. Орыс, өзге де ұлттың өкілдері қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткендерге тіл білмейміз деп мүлдем жауап бермей, тіпті бұлай неге талап қоясың деп ұрыс-керіс шығарып жататын жайлары  кездеседі. Жалпы, Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету дұрыс па? Осы мәселеге тоқталайық.

Еліміздің Конституциясында мемелкеттік тіл деп мәртебесі айқындалған қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдері және орысша оқыған қазақтардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ететіндерге айтар жалғыз уәжі: Коснтитуцияда орыс тілі ресми тіл және қазақ тілімен тең қолданылады деп жазылған» деген сөз. Бұл қаншалықты дұрыс?

Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемелкеттік тіл – қазақ тілі» -деп аққа қара жаққандай анық жазылған. Осы баптың 2-ші тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» -делінген. Қазақ тілін білмейтіндердің сүйенетін негізі осы 7-баптың 2-ші тармағы. Онда орыс тілін ресми тіл деп нақты айтпаған, тек мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылатыны айтылған. Яғни, орыс тілінің елімізде «ұлтаралық тіл немесе ресми тіл» деген нақты  мәртебесі жоқ.

Ата Заңның 7 бабының 2-тармағына сай, мемлекеттік ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылып жатыр, тіпті тең емес, басым деңгейде қолданылады. Мәселен, Парламентте заңдардың 95 пайызы орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана қазақшаға аударылады екен. Ал Үкіметтен бастап барлық жергілікті әкімдіктер түрлі жиындардың негізінен орыс тілінде өткізеді және ішкі іс жүргізу де түгелге жуық орыс тілінде. Осыған қарап, Ата Заңның талабының артығымен орындалып жатқанын бағамдауға болады.

Ал енді Конституцияда орыс тілі ресми түрде сауда орындарында, көпшілік орындарда, қызмет көрсететін мекемелерде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деп жазылмаған. Ашығын айтқанда, бұны қазақша білмейтін, нақтырақ айтқанда білгілері келмейтін өзге ұлт өкілдері ойдан шығарып алған. Әйтеуір Ата Заңда орыс тіліне қатысты бірдеңе бар екен, соны негізге алып, қазақша сөйлейтіндердің ауыздарын жаптыруға болады деп санайтын болса керек. Бұлары енді Конституциямен қоса, тілге қатысты басқа да заңдарды аяқ асты ету.

Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекетте кез-келген азамат кез-келген сауда орындары мен басқа да мекемелерге кіріп, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуге құқы бар. Ал қазақ тілінде қызмет көрсетпесе, онда әлгі азаматтың конституциялық құқығы бұзылған болып табылады. Бұл енді заң арқылы жауапкершілік арқалататын әрекет.

Заңның орындалуын қадағалайтын еліміздегі жалғыз мемлекеттік ұйым – прокуратура органдары көз алдарында болып жатқан осындай заңсыздықтарды тыю үшін нақты шара қолдануы тиіс. Сауда  орындарына келіп, қазақша сұрағаны үшін кінәлі болып, тіпті таяқ жеп жатқандар бар. Бұл енді шектен шыққандық. Прокуратура Ата Заңымызды аяқтың астына салып таптап жатқан бетімен кеткен бейпілауыздарға тоқтау салатын нақты заң шарасын қолданбаса, бұл асқына келе, тіпті ұлтаралық жанжалға айналып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, ауруды асқындырмай тұрып, алдын алған жөн болады.

 

Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

 

 

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз...

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Ұқсас мақалалар

Тегтер бойынша оқыңыз:

Көп оқылған мақалалар