spot_img
More

    Астанада ит етін сатқан кәсіпкер ұсталды

    Әлеуметтік желілерде Астананың біраз дәмханаларын иттің етімен жабдықтап келген пысықай кәсіпкердің ұсталғаны туралы хабар желдей есіп жүр. Әлгі кәсіпкердің үйінен 750 келі иттің еті табылыпты. Оның қала дәмханаларын қанша уақыттан бері ит етімен жабдықтап келгені белгісіз. Үйінен сонша ет табылғанына қарағанда ол бизнестің бұл түрімен біраздан бері айналысып, жұмысты әбден жолға қойып алған сыңайлы. Яғни, ол жалғыз емес. Итті әр өңірден атып әкеліп, оның қоймасын ит етімен толтырып отыратын серіктестері де барлығы анық.

    Ал енді осы арада мына жайға  ақыл тоқтата қарап көріңізші: әлгі пысықай кәсіпкерден ет алып жүрген дәмханалардан жүздеген, тіпті мыңдаған қала тұрғындары мен шеттен келгендер тамақтанды. Олар сиыр, қой еті деп берген тағамның ит етінен дайындалғанын білмегені даусыз. Білсе, тегін берсе де ондай тамақты жер ме еді. Ол иттерді кәсіпкер өзі бағып, күтпегені анық. Яғни, қаңғып жүрген иесіз қаңғыбас иттерді ақшасын беріп біреулерге аттырып алады да, қоймасында боршалап, таза ет күйінде дәмханаларға өткізеді. Ит ататынға төлейтін азын-аулақ ақшадан басқа еш шығыны жоқ. Ал дәмханалар жас етті қыруар ақшаға сатып алады. Ақшаға құныққан кәсіпкер  «адамдарға иттің етін жегізіп жүрмін-ау, бұным ұят емес пе» деп басын ауыртпайды. Ол аз десеңіз, қаңғыбас иттерде нешетүрлі аурулар болуы мүмкін. Құдай сақтасын, ертең бізге белгісіз бір қатерлі жұқпалы дерт сол ит етінен таралып, елімізге жайылса не болмақ?

    Бір қытайлық «ұшақтан басқа ұшатындарды, танктен басқа жүретіндерді түгел жейміз» деп мақтаныпты дейді. Сол тамағынан өткенді түгел талғамай жей беретін қытайлықтардан әлемге короновирус деген дерт жайылып, әлі күнге дейін сол пәлекеттен құтыла алмай келеміз. Оны біреулер жарғанаттан таралыпты деп жүр. Қытайлықтардан басқа жарғанаттың етін жейтін халық жоқ. Оның етінде не пәле жатқанын кім білсін. Сол сияқты қаңғыбас иттердің бойында қандай дерттер бар екенін зерттеп, зерделеп жатқан ешкім жоқ.

    Бүгінде көп адамдар қит етсе кеңес заманын жамандап, ол кезді іске алғысыз етіп жатады. Әрине, кеңес заманының жаман жақтары да аз болған жоқ. Десе де, сол кездегі бірқатар игі дәстүрлерді сақтап, пайдалансақ, дәл қазіргідей сорақылықтарға орын берілмес еді деп ойлайсың. Мәселен, сол кеңес заманында санитарлық-эпидемиялық  құрылымдар өте жақсы жұмыс жасайтын. Аудандық газетте істеп жүрген кезімде санитарлық дәрігерлермен талай мәрте рейдке шықтық. Олар келгенде асханалар мен дүкендердің қызметкерлері зәрелері ұшып, қоғадай жапырылып қалатын. Сол санитарлық  құрылымдар азық-түлік өнімдері мен қоғамдық тамақтану саласында  сапасыз өнімдер мен денсаулыққа залалды тағамдардың болмауын қатты қадағалайтын. Ал қазір қаптап кеткен дүкендер мен сауда үйлерінде, базарларда сатылып жатқан азық-түлік өнімдерінің сапасын кім тексеріп жатыр?

    Таяуда әлеуметтік желіде базардан алма сатып алған бір адам әлгі алманы кесіп көрсетті. Сырт қарағанда қызарып піскен алма жұмсақ, әр жерінде сызық түскен. Әлгі сызықтың  тұсын кесіп ашып қарасаң, кәдімгі қырынатын алмасты сындырып салғанын көресің. Білмеген адам алманы тістеп қалса, алмастың сынығы аузын тіліп жаралайтыны айдан анық. Құдай сақтағанда әлгі алманы сатып алған адам бүтіндей жемей, пышақпен бөліпті. Сол кезде алма ішінен алмас шыққан. Содан шошынған ол сатып алған барлық алманы пышақпен кесіп ашып көреді. Бәрінің ішіне алмас сынықтары салыныпты.

    Ал өткен жылы тіпті,  бөлке нанның ішінен өлген тышқан шыққаны туралы видео жұртшылықтың жағасын ұстатты. Нанды пышақпен турай бастағанда қап-қара бірдеңе шығады да, көңіліне күдік алған әлгі кісі қарайған нәрсені ашып қараса, өлген тышқан болып шығады. Наубайханада пісірілген нанның ішінен өлген тышқан шыққан. Осыдан кейін сатып алған нанға да күмәнмен қарай бастайды екенсің.

    Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Біздің қазіргі билеуші органдар адамдарды сапалы және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамыз етуге қауқарсыз болып отыр. Нарық деген желеумен сатушылар азық-түлік өнімдеріне ойларына келген бағаны қойып, содан баға шарықтап өсіп барады. Жә, бағаны қойшы, сол қымбат бағаға сатып алған азығың қауіпсіз болса тәубе дейсің ғой. Наннан өлген тышқан, алмадан сындырылған алмас шығып жатса, дәмхана сиыр еті деп арам өлген иттің етін жегізсе – сонда тұтынушының құқығын кім қорғайды?

    Үйінен 750 келі ит еті шыққан жоғарыда айтылған астаналық кәсіпкердің әрекетін алып қараңызшы. Ол осы арам іспен біраз уақыттан бері айналысқаны анық. Егер кезейсоқ жағдай болмаса, бұл әрекеті ашылмай, әлі де көптеген жылдар бойы астаналықтарға ит етін жегізіп жүре берер ме еді, кім білсін. Сонда әлгі дәмханалар, оларды етпен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкердің өнімі неге тексерілмеген? Санитарлық қызмет ай қарап жүр ме?

    Соңғы жылдарда кәсіпкерлердің құқын қорғаймыз деп  оларды түрлі құзырлы органдардың тексерулерін тиып тастады. Осыдан кәсіпкерлік дамып кетті ме? Жемқорлық тыйылды ма? Жоқ, әрине. Ендеше  мұндай ойсыз және залалды шешімнің қажеті бар ма?! Құзырлы органдар әсіресе, қоғамдық тамақтандыру, азық-түлік өнімдерін статын мекемелер мен ұйымдарды тұрақты түрде тексеріп, назарларында қатаң ұстауы тиіс. Әйтпеген жағдайда бүгін ит етін беріп жүргендер, ертең қытайлықтар сияқты мысық, жарғанат, есектің етін де тықпалауы әбден мүмкін. Ақша үшін ар-ұятты ұмытқан кәсіпкерлерден неше түрлі сұмдықтарды күтуге болады.

    Бір сөзбен айтқанда, атқарушы билік халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін қажетті барлық шараларды жасаулары қажет. Ол үшін кәсіпкерлерді күнде тексеру керек пе, тексерсін. Әр базарға, сауда үйіне санитарлық қызмет маманын қойсын. Қалай болғанда да халықты сапалы және таза азық-түлікпен қаматамсыз ету шараларын жүзеге асырсын. Бұл – барша халықтың тілегі.

    Қалкөз ЖҮСІП.

    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз