Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлеріміздің еңбектегі жетістіктері кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Рухани, адамгершілік құндылықтарды сақтап, ұрпақтан ұрпақка жалғастырып келе жатқан да осы қариялар.
Сондай ардагерлеріміздің бірі Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Сәпиоллаұлы Ибраев. Ол 20 жылдан астам Ақмола облыстық Мемлекеттік кірістер органдарының ардагерлер кеңесінің жетекшісі болып келеді. Облыстық мемлекеттік кірістер органдарының ардагерлер кеңесінің қатарында 120-дан астам зейнеткер бар.
Теңбай Сәпиоллаұлы ардагерлер кеңесін басқара жүріп, көптеген игі істердің ұйытқысы болып жүргендігін айтпауға болмайды. Ардагерлер үшін кездесулер, табиғатқа саяхаттар, бейне конференциялар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар барысында олар әр өңірдегі бұрынғы әріптестерімен кездесуге мүмкіндік алады.
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығы ардагерлер ұйымын әрдайым қолдайды. Ардагерлер Мемлекеттік кірістер департаментінің өміріне белсенді қатысуда. Олар жұмысқа кандидаттарды қабылдау кезінде байқау комиссясына, сондай-ақ қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу кезінде байқаушылар ретінде қатысады.
Бір де бір мереке, спорттық және мәдени шаралар ардагерлер кеңесінің қатысуынсыз өтпейді. Департамент демеушілікке алған Зеренді ауданы Қызыл тан ауылының орта мектебінің оқушыларымен кездесу барысында Теңбай Сәпиоллаұлы өзі куә болған түрлі тарихи кезеңдер туралы әңгімелеп, естеліктерімен бөліседі.
Бүгінде 85 жасқа толып отырған мерейтой иесі Теңбай Сәпиоллаұлын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов, Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Дулат Нұрмолдин, Ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан ардагерлерінің Қазақстандық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев және басқа да құрметті адамдар құттықтады.
Нұрлан Ысқақов,
Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы.