spot_img
More

    Арқада соғым алып сорлап қалғандар көп…

    Қыс қаһарына мініп аяз қысқанда қысты соғымсыз қарсы алу Арқа қазағы үшін аса қиын. Қара малды күздікке, қыл құйрықты Қамбар ата түлігін желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында сойып алады. Алайда, соңғы уақытта ақмолалық көп ағайын үшін соғым сатып алудың өзі аса үлкен машақатқа айналған. Ет бағасының күн сайын шарықтаған бағасын былай қойғанда қазіргі уақытта соғымды дәрілеп жылдам семіртетіндер көбейді деп дабыл қаққандардың қатары қалың…

    Семіз ет алдық деп мәз болғандар соғымының жайын тек етті асқанда ғана барып байқап, сан соғып қалғанын бірақ түсінетін болған. Алаяқ ет сатушылардың арбауына түскендер еттің түк дәмі қалмай бар майы түгелдей сорпаның бетіне шығып кететінін айтады.

    «Жарты миллион теңгеге жуық сомаға ет алып сан соғып отырмын. Еттің түк дәм-татымы жоқ. Кәдімгі тығыздалған резеңке сияқты дәмі қалмаған. Айтуға аузың бармайды. Әрі жүрген-тұрған жерімде әр түрлі жиын-тойларда мен сияқты алданып қалғандардың көп екенін байқап жүрмін. Ет қазанға салынған соң қайнаған кезде бірден майы сорпаны бетін алып кетеді. Еттің кәдімгі дәмінен түк болмайды екен. Осындай етке тап болғаннан кейін оны жылдам семірту үшін дәріленгенін кейін білдік. Кейбіреулер мұның кейінірек ағзаның бұзылуына әкеліп соғатынын айтады. Тіпті, ұрпақтан-ұрпаққа ген арқылы түрлі ауруларға ұшырау да мүмкін дегенді есітіп зәрем ұшты. Мұндай дәріленген ет қазір өте көп екен. Тіпті базарға да емін-еркін өтіп жатқанына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, дәрілер Қытайдан еркін біздің нарықта сатыла береді екен», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Жоланбай Досжанов.

    Қызығы сол мал тез арада семіртетін бұл дәрі-дәрмектердің шетел асып оның ішінде негізінен Қытайдан келетінін интернетті ақтарып отырып байқап қалдық. Самсаған гормондық дәрі-дәрмектер ғаламдық торда жетіп артылады. Тіпті TikTok, Instagram басқа да әлеуметтік желілердегі жарнамаларынан көз сүрінеді. Бабезан, гельмицид сияқты сұйық және ұнтақ түрдегі дәрілер Германиядан, Қытайдан басқа да шетелдерден ашық түрде келіп жатыр екен. Алдымен ашық сатылымда бар-жоғын анықтау үшін шаһардағы ветеринарлық дәріханалардың біріне бас сұқтық. Дәріханашы Кирилл есімді жігіт мұндай дәрілердің ешбір ветдәріханада сатылмайтынын, бірақ интернетте толып тұрғанын жеткізді.

    «Малды оңай әрі жылдам семіртетін дәрілер бізде сатылмайды. Бірақ интернетте гормондық мұндай дәрілер толып жатыр. Бұл малды гормондарының жұмыс істеу режимін бұзып, малдың тез семіруіне ықпал етеді. Ал оның етін жеген адамға да оның денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Тіпті оның ген арқылы ұрпағына аса ауыр залалын тигізеді. Бізден күнде болмаса да осындай жылдам семіртетін дәрілерді сұрап келеді. Бұл дұрыс емес. Мен өз басым мұндай дәрілерге түбегейлі қарсымын», – дейді Кирилл есімді ветеринарлық дәріхана қызметкері.

    Түйінді мәселені анықтау үшін облыстық ветеринарлық басқарма басшылығымен тілдесуді ұйғардық. Басқарма басшысы орынбасары мұндай дәрілердің бар екенін естігенін бірақ оның таралып жатқаны туралы еш хабары жоқтығын жеткізді.

    «Малды жылдам семіртетін дәрілер бар дегенді естідім. Бірақ оның қандай болатынын білмеймін. Бізде ондай дерек жоқ. Мұндай дәрілердің таралып жатқаны туралы еш нәрсе айта алмаймын. Базарларды ет сатушыларды тексеруге бізде ешқандай заңды құқық жоқ. Бизнесті тексеруге толықтай мораторий жарияланғандықтан біз тексере алмаймыз», – дейді Ақмола облысы ветеринарлық басқарма басшысының орынбасары Ибрагим Қапарұлы.

    Жағдайды одан әрі анықтау мақсатында облыстық ветеринарлық инспекция басшылығымен де тілдестік. Бірақ инспекция басшысы Манат Айтқожаұлы да мал семіртетін дәрілер туралы еш хабарсыздығын жеткізді.

    «Малды жылдам семіртетін дәрілер туралы ештеңе білмеймін. Қытайдан келеді деп естідім. Бізге мұндай ешқандай арыз-шағым болған жоқ. Әрі шағым түспесе кәсіпкерлерді барып жоспарлы түрде тексере де алмаймыз. Бұл жай жұрт арасында тараған жел сөз деп ойлаймын. Мен осы ветеринария саласында 22 жыл істеп мұндай болатыны туралы еш естемедім. Мәселен бәрі білетін ивермек дәрісін бергеннен кейін оны бірден жеуге болмайды. Одан адам ағзасына зиян келеді. Етті көп уақытқа дейін пайдалануға болмайды», – дейді Манат Айтқожаұлы.

    Түйінді мәселенің ұшы шығар деген үмітпен облыстық ветеринариялық зертхана мамандарының да пікірін білмек болдық. Алайда, зертханадағылар осы уақытқа дейін зертханаға шағым айтып келген ешкімнің болмағанын алға тартты. Біз мұндай ақпарат бере алмаймыз деп ат-тондарын ала қашып, жауап беруден жалтармақ болды.

    «Зертханаға осы уақытқа дейін еттің бүлінгенін айтып ешкім келген жоқ. Біз де мұндай тексеру аккредиттеу тізіміне де енгізілмеген. Базардағы ет сол базарда тұратын ветеринариялық инспекцияларға қарайтын жекеменшік зертханаларда тексеріледі. Осы уақытқа дейін мұндай арыз-шағым болған жоқ. Сіз менің уақытымды алып тұрсыз. Бізде мұндай тексерістер жүргізілмейді. Мен ештеңе білмеймін», – дейді Ақмола облыстық ветеринарлық зертхананың меңгерушісі Әлия Жәнібекқызы.

    Малды семіртетін шетелдік дәрілердің адам ағзасына қандай әсері боларын анықтау мақсатында ауыл шаруашылығы ғалымдарының ойын да білмек болдық. Ғалым мұндай стеройды және гормонды препараттардың малдың да, адамның да ағзасына орасан зор зиянын тигізетінін жеткізді.

    «Стеройдты және гормонды препараттар мен антибиотиктер малды жылдам өсуін күшейтіп, гормондарының дамуын жеделдетеді. Өнеркәсіпті ірі мал өсіру орындарында тиісті мөлшерде дұрыс межеде берілгенімен, жекеменшік мал бағушылар оны дұрыс пайдалана алмайды. Қолданған гормондық препараттар малдың гормондары мен ішкі органдарының жұмысын бұзады. Мал тез семіреді. Берілген дәрі қан арқылы жылдам сіңіп, оны ешқандай антибиотикпен зарарсыздандыру да мүмкін болмай қалады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі мұндай дәрілермен семіртілген етті тұтынған адамға да орасан зор зардабын тигізетінін дәлелдеді. Біріншіден адамның да малдың да кескін-келбеті өзгеріп, ер адам әйел сияқты, еркек мал мен ұрғашы малдың еш айырмасы болмайтындай жағдайға ұшырайды. Балалардың ерте жыныстық жетілуіне әкеледі. Етті тұтынған адамдар түрлі онкологиялық ауруларға, семіздікке, бедеулікке тап болады. Өкініштісі сол қазір мұндай малды семірту препараттары шетелден қаптап жатқанымен, елімізде оны зерттейтін ешбір зертханалар жоқ. Базардағы басқа да мал етіне тексеретін зертханалар басқа аурулар бойынша тексереді. Ал мұндай семіртілген малды адам ешқалай ажырата да алмайды. Сондықтан өткір мәселе Үкіметтік деңгейде қаралғаны жөн деп ойлаймын», – дейді Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ауыл шаруашылығы ғылымы кафедрасының меңгерушісі Серікбай Шегенов.

    Жалпы дәл қазіргі қазақтың басты асы – соғымның бағасы да жалпақ жұртты жабырқатып тұр. Жүргізілген зерттеулер барысында ең қымбат соғымның да Ақмола облысында екенін анықтағандай болдық. Басқа аймақтарда да қызылсыраған жұрттың көбі даланың белуардан келетін шөбін асаған жылқының дәмді қазысын кертіп жеуге қауқары жете бермейді. Облыста соғымның бағасы да ұшып тұр.  Мал ұстайтын фермерлердің айтуынша соғымның бағасына бірнеше басты факторлар ықпал етеді. Яғни малдың жасы, бордақылау уақыты, терісінің жағдайы басқа да себептер бар. Мұнымен қоса жылқының айғыр немесе ұрғашысына қарай бағасы да өзгереді. Хабарландыруларда байтал мен тайлардың құны 550 мың теңгеден, ірі биелер 700-850 мың теңгеден асып тұр. Екі-үш ай семіртілген болма бағасы 1 миллион теңгеге де жетіп жығылады. Ал ол алғаның жоғарыдағы гормонды және стеройдты дәрімен семіртілген болса онда құдай ұрды дей бер…  Төменде облыстардағы жылқының орташа бағасын да назарға ұсындық.

    P.S. Тақырыпты зерттеу барысында мал етімен қоса қазіргі уақытта өсіріп отырған дәнді-дақыл мен бидайдың да осындай жылдам өсіріп, апта ішінде ғана пісіп кететін дәрілер себілетінін білдік. Бұл әрине келесі тақырыбымызда қозғамақпыз. Ең өкініштісі сол ұрпақтың тамырына балта шауып, қазақтың басты асы – еті мен соғымын дәрілеп сатудың осындай күйге жеткеніне ішің удай ашиды. Бірақ қолдан келер дәрмен бар ма? Үкімет пен Парламент, барлық тиісті құзыретті органдар жедел арада қимылдап, шетелден әсіресе Қытайдан келетін гормондық және стеройдтық препараттарға үзілді-кесілді тыйым салмаса, тұтас ұрпағымызға қатер төнетін сияқты… Сол үшін жылдам әрекет еткен жөн!

    ***

    Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Нан бағасы қымбаттады, неге?..» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз