Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарында мәлімдеді. Егер ауылды дамытуға нақты жұмсалатын болса, бұл қыруар қаржы шатқаяқтап тұрған аграрлық саланы көтеруге үлкен серпін берері анық.
2000 жылдардың басында аграрлық саланы дамытуға үш жылға 150 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы салынғаны есімізде. Дегенмен сол қыруар қаржы ауылға жетпей, құлқыны кең шенеуніктердің қалтасына түсті. Ал мемлекеттен жартымды көмек алмаған ауыл жүдеп, болашағы жоқ деген атпен көптеген елді мекендер жабылып жатты. Ауылдан жұмыс таппай көп жастар қалаға барып, баспанасыздықтың зарын тартуларына тура келді. Өткен жылғы қаңтар оқиғасының астарында да сол қалаға ауылдан келген жастардың проблемалары жатқаны белгілі.
Қазіргі күні «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде жайылым жерлерді көбейту, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі шешілуде. Алпауыт жер иелері елді мекендердің айналасындағы жерлерді түгел иемденіп, соның салдарынан жайылым тапшылығы анық байқалып отыр. Осы орайда, аталмыш бағдарламаның бұл мәселені шешуде үлкен ықпалы болатыны анық. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 2023 жылы еліміз бойынша жалпы көлемі 52,4 млрд теңгенің 11606 шағын кредиті берілмекші. Жылдық өсім қайтарымы 2,5 пайызды құрайтын бұндай кредиттердің шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының өз кәсіптерін дамытуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.