Қатардағы адам емес, үлкен ғылым иесі Болат Мұқанов. Академик ағаның өмірбаянын алып кітаптарына үңілдім. Сөз жоқ, барлық бойындағы қайрат-күшті ғылым жолына салып қойған. Бәлкім туған жерінің табиғатын сақтап қалайын, келер ұрпақ оқып танып, біліп, ұғып жүрсінші деген үлкен үмітпен болашаққа көңіл дүрбісін салып, зор сеніммен қарайтындығында шығар. Жарықтық әулие Мәшһүр Жүсіп атамыз «Ғылым аспандағы күн сияқты жарығы зор дүр» депті. Оның үстіне қасиетті Қыдыр Әліксалам қонған қасиетті жер Бурабай төңірегінің әрбір тасы аңыз, әрбір төбесі әлқиса, әрбір шатқалы тарих қой. Әлқисадан бастайық. Академиктің өзімен күнде жүздесіп жүрсек те, экология жайында сөйлесе алмаймыз, уақыт деген шіркін кейде күрмеуге келмей жатады. Шындығы керек күнделікті газет жұмысы, жеке бастың шаруасы түйтің-түйтің тіршіліктің соқпағы, қысқасы емен-жарқын отыра алмай, кездескенде мейірімді жүзінен нұр төгілген ағамен сырласа алмай жүрміз, алдағы уақытта бір кездесіп, молынан сұхбат алсам ба деймін. Алдымда жатқан кітаптарды қайта қопардым…
Болат Мәжитұлы бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тумасы. 1972 жылы Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын үздік бітіріп, бұрынғы аспирантурадан соң ғылыми-зерттеу институтында кіші аға ғылыми қызметкер, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2002 жылы «Орман шаруашылығы ғылыми өндірістік» орталығы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрылуына орай осы мекеменің директоры болып қызметке тағайындалды. Қазіргі күні Қазақстандағы орман шаруашылығы және агромелиорация саласындағы жетекші ғалымдардың бірінен саналады» деп жазады облыстық «Арқа ажары» басылымы. Қазіргі таңда құрметті зейнеткер, бірақ қоғамдық жұмыстардан қол үзбейді. Бурабай ауданының «Құрметті азаматы».
Ағамыздың еңбегі зор. Зор дейтініміз әркім білген ғылымымен ғұмыр қылған жөн демекші, кезінде біздің қазақ ауылдарынан шыққан оқыған азаматтардың біразы тек қана ауылшаруашылық саласына ғана оқуға түсті. Ал орман шаруашылығына барып білім алуды ойламады. Барлығы тек қана зоотехник, мал дәрігері, агроном, т.б. агросалаға көп көңіл бөлді. Болат аға бұл саланы таңдағаны бәлкім табиғатты сүйетіндігі, қадірлейтіндігі, осы жолға түсіп, ізгі арманын жетілдіріп, қазақтың ауылдан шыққан баласының да ғылымға деген ыждаһатының зор екендігін басқаға көрсеткісі келгендігі. Дәлелдеді. Үлкен ғылымның ішіне кіріп биікті бағындырды, ғылымның шыңына шықты.
Ағамыздың туған жері де орманды алқап қой, қыз балтырлы қайыңдар, сәмбі сұлу талдар, жарықтық сұлу жерде дүниеге келген сәбидің табиғатты сүймеуі мүмкін емес. Қиял жетегінде жүріп армандап өскенде үлкен ғылым адамы боламын деп армандады, сол арман қанаттандырып, жоғары оқу орнына жетеледі. Ғалым аға былай дейді: Қоршаған ортаны қорғау ісінде орманның маңызы өте зор. Қорғаныштық мақсаттағы екпе ағаштардың ықпалымен жердің биологиялық өнім беруі артады, гидрологиялық, экологиялық үдерістері тұрақтана түседі. 2007 жыл, «Арқа ажары», 5 бет, «Жасыл орман жердің көркі» деген зерттеу мақаласында.
Иә, ХХ ғасырдың басында Ақмола және Семей губернияларының жер және мемлекет меншіктерінің басшысы В. Барышевцевтің бастамасымен табиғатты көріктендіру жұмыстарын жүргізу үшін Бурабай көлінің жағалауына және Көкше тауының шығыс беткейіне жол салынып, Күркіреуік өзеніне аспалы көпір тұрғызылады. 1898 жылы Омбы қаласынан Бурабайға орман мектебі көшіріледі. Әй осы біздің қазақ қойын құрттап, айранын ұрттап, табиғатты пайдаланбаған ба деп кейде ойлайсың. Жоқ олай емес жаңсақтық. Жарықтық аталарымыз «бір тал кессең, он тал ек» деген дала заңының тәлімімен, жас өскелең ұрпақтың санасына айрықша тәлім беріп отырған.
Иә, тарих бүй дейді «Табиғаты таза, ауасы дертке дауа, сыңғырлаған сылқым бұлағы бар Бурабай төңірегінде Қырпық деген ауыл болған. Воробьевка ауылының аумағында рулары Қадір, осы ауылда Оразалы деген бай табиғатты ерекше қорғап, аялай білген деп айтады көне аңыздан әңгіме айтатын аға буын. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай, жасыратыны жоқ, Көкшетаудың пүліш түстес орман-қарағайлары экологиялық зардапқа түсіп өртеніп жатты. Биыл да біраз жер өрттенді ғой. Әйтеуір біреуге жаба салуға келгенде аттыға жол бермейтін әпенділігіміз, қожанасыр мінезіміз бар. Ойбай ол жерді өрттеп жатқан пәленше екен деп ұзынқұлақтан шала естіген әңгімемізді бұйралап әкеліп, сөзбұйдаға салып ірілендіріп, образын ерекше қылып беріп жіберіміз. Академик ағамыздың зерттеуін оқып отырып көз жеткіздік, «Ормандардың күйреуінің 55 пайызы өрттен, құрт, ауру, зиянкестерден екен. 31,5 жайсыз ауа райынан болатын көрінеді».
Апыр-ай, былай сырт қарағанда жайқалып тұрған ну орманның дидары әдемі, ішіне кіріп биік қарағайдың саясында демалып, қайың, тал-теректің сұлулығына сұқтанып қараймыз да кетеміз. Табиғаттың ішкі құсасы, наласы мен мұңы тек әр нәрсені жаратқан патша құдайға аян. Мұндайда сөз сауа білген, текті қазақтың баласы:
Сен бәйтерек болғанда, біз көбелек,
Дүниенің төрт бұрышы дөп-дөңгелек.
Асылған бұтағың көтермесе,
Құр бәйтерек болғаның неге керек?
Кейде орман өрттенді десе біздің кейбір түсінігі таяздар «өрттенсе өртенсін, қысқыға отын болар» дейді. Ау, ағайын, тоқта. Сабыр ет! Жеке бастың шаруасына деп орманды жосадай, тып-типыл қылып қыра берсек ертеңгі мыңжылдық ұрпақтың еншісіне не қалдырамыз?-деп айтқын келеді. Айта алмайсың, өйткені жүгені жоғалмағанның бәрі ақылды, кемеңгер, оның үстіне мынау «биліктің сөзін сөйлеп отыр» деп тағы да кереғар пікір айтып, сыртынан таңба басады. Жоқ, бұл жерде табиғатқа жанашырлық, мейірімділік болу керек. Қазақ көшпелі халық болды. Ұшан-теңіз байлығы, ұлан-ғайыр даласы бар. Сол даланың иесі де қазақ, киесі де қазақ. Ат үстінен табылған қазақ беталды орман-талын кестіріп қиянатқа бармаған. Е, заман-ай, келімсектер келіп, орман алқабына ие болып, қазық қаға бастағанға дейін қазақ даласының орманы оталған жоқ. Тіпті ұлы хандардың өзі сарайын салғанда биік қарағайларды отап, жеке басына пайдаланбаған. Бертін ғой көзсіздік, ессіздік белең алғандығы. Әйтпесе судың да сұрауы бар деген терең түсінікпен өмір сүрген атам қазақ, табиғатты аялай білген.
Болат Мәжитұлы Мұқанов академик, бірнеше ғылыми кітаптың авторы, күндіз-түні көз майын тауысып жазған дүниесі мол, іздеп жүріп, тұщынып жүріп оқитын дүниелер. Жаһандану заманы деп бәріміз керегімізді интернеттен іздейміз, жоқ ағайын, осы көзіңнің майын тауысып, жанарындағы сөлді суырып алатын интернеттен гөрі, кітапқа көңіл бөлсек. Ағаның тұла бойындағы туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі ерекше. Қарапайымдылығы соншалықты жұрттың бәрі жабылып алып жататын орден-медальдарды жақтыра қоймайды. Әлде ағаның тік мінезінен бе!? Себебі бермеген атақты артынан қос ат алып артынан өкшелеп қумайтындығы, жалтақтап емен зіл есіктерді қақпайтындығы. Құдай берген мінезі, тікмінезділігі.
«Әрине академик болған соң көкірек керетін шығар дейтін шығар» тағы да тырнақ астына үңілетіндер. Жоқ олай емес «жер байлық орман елдің көркі» деп миссиялық принципте жүрген Болат ағаның мінезі жібектей ғой. Әй деп біреуге дауыс көтеріп сөйлегенін естімеппін. Осы қалада әкімдікте кездесулерге де келеді. Біреулер сияқты өктемдеп жатпайды. Не айтса да бірқалыпты сабырлы мінезінен айнымай, нақты айғақпен айтады. Сөзбұйданы және ұнатпайтын академик ағамыз қазан айының 11 жұлдызы күні жетпіс бес жасқа толады екен. Иә, ана жылы ескі дос-жарандарды көріп қалдым.
Екеуі де әңгімешіл, оның үстіне сарказмды көп қолданады, әдемі сөйлейді, тұщымды ой айтады, дәмханаға бардық. Біреуі: Құдайға шүкір академик болмасақ та жақындап жүрміз, қазір іздеген дүниені табу оңай дейді. Екіншісі: баяғы ағаларымыз архивті, кітапхананы қопарып, саусақтары мүйізделіп көз майларын тауысып, том-том кітап оқып таза еңбектенді ғой деп қосамжарлана сөйлеп отырды да: қазір рақат доктор, академик болу үшін соншалықты ми ашытудың қажеті шамалы. Нарық заманы деп мырс етті. Өйткені бұрынғы ағаларымыз күні-түні еңбектеніп кәдімгідей ізденіп жүріп бірнеше сатыдан өтіп барып үлкен дәрежеге жетіп, қаншама күш-қайратын жұмсайтын-ды. Қазір бірер жылда шыңға да, биікке де жету оңай деп сөзін аяқтады.
Жаһандану заманында екінің бірі кітап жазғыш, ой айтқыш, ақылды, кемеңгер, мықты, рухты болып кетті. Асыл дүр сөздің киесі де кетіп барады. Өйткені, сөздің мәйегін білетін «сөз түсінетін» адам сиреді. «Нағыз тұлпар даусын қоңыраудай сыңғырлатып, үзілдіріп, әсерлі қайырып кісінейді» деген жарықтық Әйтеке би. Жасыл орманымыз жердің көркі деп әр тал үшін ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген Болат ағамыздың айтары да, жазары да мол, бұл еңбектің барлығы ертеңгі еліміз үшін. Орман-тоғайымыз жайқалып өсіп, гүлденіп тұрса, табиғаттың өзі зор байлық қой. Академик ағай әрбір сағатын есептеп, уақытпен үндесіп отырып көптеген дүниелер жазып жатыр, әлі де жазады, жазары көп, тек Алла ғұмыр, денсаулық берсін! Көкірегі даңғыл жазары да мол, айтары да мол.
Жұбайы Күләш Сұлтанқызы екеуі ұл мен қыз өсіріп, Алланың бергеніне шүкір деп отырады. Күләш апайтекті жердің қызы ғой. Кешегі алаштың ардақты ұлы Ахаңдар туған өлкеде өскендіктен бе, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін «мен деген адамнан артық біледі» жаны музаға да, музыкаға да ғашық. Академик ағамыз бен апамызға Алла ұзақ ғұмыр берсін! Жетпіс бес деген не тәйірі, аяңдап жүріп жүзге келіңіз ақсақал. Өйткені сіз жалғыз Бурабайдың емес, қасиетті аңызы мен ақиқаты қатар жүрген Дешті Қыпшақтың, алты алаштың абызысыз! Абызға жүз жасаған жарасады.
Мерейтойыңыз құтты болсын!!!
Бұл кісі шындықты бетке айтатын азамат. Қақ соқпен жұмысы жоқ. Жеңіс Оспанов жақсы жазады негізі. Жәке сізге қалай хабарласуға болады. Атамыз мықты, текті адам болыпты. Біраз дүниелері бар. Сіздің фейсбугтегі әңгімелеріңізді оқығам. Тартымды жазасыз.