Айымжан ауылының атауы (Жамбыл ауданы) – қазақ қызының есіміне байланысты қойылған, антропоним. 1928 жылы Петропавл округі, Төңкеріс ауданы, Айымжан селолық кеңесіндегі Айымжан ауылында Айымжан колхозы ұйымдасқан. Ел аузында қалған аңыз бойынша, Біржан салдың ағасы Нұржан Айымжан сұлуды көріп ғашық болады да, қосылуға сөз байласады.
Бірақ қыздың әкесі «құда болған жерім бар, бата бұзбаймын» – деп қызын бергісі келмейді. Нұржан мен Айымжанның қосылуына 2-3 күн қалғанда белгісіз біреу Айымжанды алып қашады. Ақылды қыз айласын тауып зорлықшылардан құтылып, томардың ішіне кіріп кетеді.
Бұл оқиғадан хабарсыз ел, із-түзсіз жоғалған қызға іздеу салады. Құлақ жетер жерге хабар айтады, ешкім білмейді. Бір жұма уақыт өткенде Жақып деген азамат көл жағасынан мүк жинауға барғанда, Айымжанның жансыз денесін көріп, елге хабар береді. Суға қалай кеткенінен хабары жоқ ел аза тұтып, жерлейді. Бұл оқиға 1842 жылдың күзінде болады.
Есболдың шай томары осы оқиғаға орай «Айымжан томары» деп аталып кетеді. 1897 жылы Айымжан томарына су түсіп, осы жылдан бастап томар көлге айналады 1929 жылы Айымжан көлінің жанында ұйымдасқан ауыл Айымжан ауылы деп атанған.
Сандуғаш Жанботақызы Бәйкенова, Жамбыл ауданының тумасы, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі.
Дереккөз: Солтүстік Қазақстан облысы топонимдері.