Жайшылықта қоңырау шалмақ былай тұрсын, көшеде кездесе сәлем алмайтын көкемнің көңіліндегі көк құрағы сөгілсе керек. Жоқ. Өмір.Уақыт қайтадан баяғы қалыпқа түсіреді. Қызметі, шені түсіп қатардағы біз сияқтылардың сапынан табылып қалды. Қарапайым тілмен айтқанда қарабайыр. Өткенде қоңырау шалып тұр. Өткен-кеткенді айтып ұзақ сөйлесті. Үйге соғып кетші, айтар сөзім, тапсыратын шаруам бар дейді. Жарайды дедім селсоқ қана. Немқұрайлы қарай салып келмей қойып жүрме, міндетті түрде соқ, екеулеп ел жаққа барып келейік. Бабамның басына барайын дегенмін. Тек…иә… тек ар жағын бүгіп қалды. Соғарсың, сонда айтармын. Жақсы көкесі дедім. Соғасың ғой деп тағы нығыздады. Иә…бүгін емес бірақ, ертең не бүрсікүндері. Тық етіп тұтқаны қойды.
Не үшін шақырды? Осыдан тоғыз-он жыл бұрын кабинетінде көргенмін, дік-дік еткен, басыма іс түскенде мұрыным қанап түсім қашып жүргенде ақылын айтқан. Менікі қателік болмаса да…шорту алдыма келгендеріңді көрсем жүрегім айниды деген-ді ашуы от болып тұталып. Ол кезде өресі ұзарып, төрде отырған құдай емес, құдайдан былай да… әңгімесінің ауаны да, аурасы да өзгеше де. Сөйлесе сүйекті, салмақты сөйлейді нығыздап. Өмірі (қызметте жүргенде) үлкендерге де «сен!» деп дігірлейтін. Шіркін уақыттың шеңбері, бәрі уақытша дүние ғой. Уақыт неге болсын шектеу қояды. Ертеңіне бардым. К-ға…үйіне… екі қабатты коттедж екен.
-Ағаңыз жоғарғы қабатта деп жылы жымиды жеңгеміз, есікті ашқанда. Баспалдақпен жоғары көтерілдім. Қызметте жүріп, жағасына кір түспеген кірпияз жан ғой зейнеткер болса да, галстук тағып ақ көйлекте газет оқып отыр екен. Жеке кабинетінің іші толған кітап. Газет тігінділері. Органда жүрсе де газет-кітап оқитындығы айтып тұр. Жылы амандасты. Баяғы қабағынан ерімейтін қырау, еріпті. Кәдімгі көкіректегі желі шығып, іші босап, адами қалыптың болмысы аңғарылып тұр. Жылы қабақ, мөлдір көз, ар жағында ішімдегін айтсам ба екен деген бір сәуле жылтырайды. Шай алғызды. Орнынан қозғалмады. Отырған қалпы. Бұрын қызметте жүргенде киген дәрежелі мундирін ел көрсін дегендей орден-медальдарын самсатып қақ төрге іліпті. Шай сораптадық, быламық татымсыз әңгімемен.
-Сені неге шақырдым-деп орнынан қозғалғанда, көзім түсіп кетті. Ағаның екі аяғы жоқ, қара саннан. Кесіп тастапты. Шалбарының балағы салбырап шұбатылып жатыр. Түсім қашып, өңім бозарып кетсе керек. Шошыма деді. Мені аққудың киесі атты. Атты ақыры! Еһ сені соған шақырдым. Кие деген ұғымды бала кезімде атам марқұм жиі айтып отыратын. Жортқан аң, қыбырлаған жәндік, өскен өсімдік, ұшқан құстың киесі бар деп. Баламыз ғой ол кезде атамның ауызынан шыққан сөзге имандай сенетінмін. Бертін оқыдық. Өстік. Қызмет. Оның үстіне атеистік сеніммен санамызды улап алдық. Шен шекпен деп жүрдік. Бала кезде естіген кие, қарғыс деген ұмытылды. Одан кейін бөлек орта, басқа қоғам, демократиялық кезең.
Адам ет пен сүйектен жаратылған алланың құлы, ал құл деп қасиетті көне кітапта бізді айтады. Һәм құдірет бізді жерге жібергенде дүниенің рақатын көрсін адал болсын, арамға бармасын, адаспасын деп жібереді. Бірақ тоғыз пәлені алла жіберсе, тоқсан пәлені өзіміз сұрап аламыз. Өйткені пендеміз. Пенделік не істетпейді? Жарықтық құс төресі аққуды атпа дейтін, әнде бар ғой «аққуды атпайды» деген. Ал мен аттым. Атуға мәжбүр болдым. Қызметтік баспалдақ үшін.
Өткенде кітап алғызып оқып отырсам «Подонок» деп әңгіме жазыпты М. Мағауин. Сол подонок менмін. Нөмірі бірінші подонок. Иә… тыңдашы. Сен бала…асығыспын деме, жеңгең қазанға ас салып жатыр. Бұйырған ас жеп кет. Тек тыңдай отыр. Ішім тұнған сыр, мұң, қайғы, қасірет уайым. О дүниенің тамұғын көріп отырмын, көзімнің тірісінде…өлмей тұрып, бұдан да өлгенім жақсы еді. Әй бірақ мен оңайлықпен өле қоймаспын. Мен сияқты мешелді құдай қайтсін?! О дүниенің ауасын бүлдіріп, тамұққа салса да табалдырығынан асырмай жібермейтін шығар деп астыңғы ерінін тістелеп ойланып үнсіз қалды.
Адамзаттың баласы дүние жаратылғаннан бері жер бетіне түрлі апатты қолдан өзі жасап жатыр. Пенделік. Құлқынның қамы, қарынның қарекеті үшін. Құдайдың мекеніне жетеміз деп кезінде атейстік пиғылмен аспанға космос ұшырдық, ауаны ластадық. Еті деп тарпаң деген қылқұйрықты жабайы жылқыны жойдық, тіпті өсімдікті де жойып қызыл кітапқа енгізіп қойыппыз өткенде қарап отырсам «шолпаншаш сүмбіле, көктем жанаргүлі, жұмыр бозтүк, мияжапырақтаспа, ірігүлді шолпанкебіс, сары лапыз, қауырсынды қау» т.б өсімдіктер басқа мемлекетте өспегендіктен бізден браконерлі жолмен шетелге тасмалданып жатыр екен. Елімізде осындай өсімдіктің 139 түрі қызыл кітапқа тіркеліпті.
Тау барысының саны 200-ден аспайды терісіне бола қызығып құрттық, Балқаш жолбарысы құрып тынды. «Қаяз балығы, арал албырты» еріккен балықшылардың кесірінен құруға жақын. Ақбөкен экологиялық апаттан ана жылы қынадай қырылды, қызыл кітапқа енген түз еркесі , арқар, қарақұйрықтарды қырдық. Кезінде кеңес үкіметінің тұсында есерсоқ, мансап қудалағыш басшылар ет жоспарын орындаймыз деп тіпті автоматпен қуып жүріп ақбөкендерді қырып салған.
Қара ләйлек. Аққуға ұқсаған құс. Сүйекті, ірі киесі атады деп, тіпті голошекиндік ашаршылық жылдары бір үзім нанға зар болып отырған қазақ қанша жерден ашаршылықтың тырнағына ілінсе де арды аттап, кие ұғымын қастерлеп тұзақ құрмаған. Бірақ бертін ХХ-ғасырдың аяқ кезінде еріккен аңшысымақтар қара ләйлекті көңіл көтеру үшін атып қызыл кітапқа енгізіп тынған. Қазір бар, бірақ аз. Жалпы табиғатта адам сияқты. Оның да солатын, өнетін, өсетін, өрбитін кезеңі болады. Оны кім түсініп жатыр. Е, көп сөйлеп, миыңды ашытып жібердім білем. Бағанадан бері көзінді алмай, аяғыма қарап отырсың…
Бұл екі аяқ жүріп тұрғанда дүниенің кеңдігін біраз шарладым, қызығын көрдім. Әмірім жүрді, дәуренім дүрілдеді, дауысым гүрілдеді. Өктем сөйледім, ешкім маған бетіме тіке қарап қарсы келген жоқ. Бір мекемені. Мекеме болғанда екінің бірі, егіздің сыңары дүмділердің өзі именіп кіретін сұсты жердің басшысы болдым. Болуға тырыстым. Өстік. Өркендедік. Ел сыйлады. Жұрт қадірледі. Қауым құрметтеді. Сүйтсек бұны бәрі жәй әншейін алдамшы бақ, болымсыз бақыт, өткінші дүние екен.
Анау жылы жұмысқа жоғарғы жақтан басшылар хабарласты. Арқаның төріне барып, аң атып көңіл көтеріп сейіл құрайық деген-біз. Алатаудың арқарынан, Жетісудың сыңсыған қаз-үйрегінен шаршадық. Енді арқаның төрін көрейік Сәке деді. Жарлық қатты, жан тәтті, оның үстіне шені менен жоғары, шекпені қалың, дөкейлердің өзі именетін дүрдің өзі…келіңіз дедім. Көптен ойымда жүрген өңірді жақсы ,жаман болсын басқардық, енді жоғарғы жақта отырып биліктің майлы тұсын мүжіп, зейнеткерлікке бірақ шығайын деген. Қыркүйектің ортасында жоғарғы жақтан күткен мәртебелі мейманым келе алмаймын, ұлымды достарымен жіберемін деді.
Жалындаған жас жігіт екен. Оның үстіне жас кезінен таршылық көрмей, жоқшылықтың не екенін білмей өскен бала ғой дөкейдің баласы. М. ауылының қасындағы көлде аң аулап, ау салып балық аулап отырғандарды тырқыратып қуғызып өзіміз бардық. Екі көлікпен. Киіз үй. Қайнаулы қазан. Патша баласын күткендей құрметтеп қарсы алдым. Достарымен келіпті. Үш жігітте қалталының балалары. Күні бойы үйрек, қаз атып рақаттанды. Ішінде менде жүрмін. Қолымызда дүрбілі мылтық. Ұшқан құсқа дөп тиетін… үш күн сейілдедік. Ішіп-жемдері молынан. Екі кештің арасы.
Бір уақытта араққа сылқиып тойған біреуі, ақындар жайлы оның ішінде батыс әдебиеті мен орыс классиктерінің жырынан өлең оқыды. Америкада оқыпты. Қазақ ақындарына ойыстық. Қазақта ақын жоқ деп даурықты. Ащы судың қызуы ғой лепіртіп отырған. Бар дедім. Жоқ ағасы!-деді. Бар дедім менде жастар мен жас болып.
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» деген поэмасынан үзінді оқыдым. Аққудың қасиеті жайлы пәлсапа соқтым. Құр сөз. Аққуда қаз сияқты. Еті жеуге жарайды деп тілі күрмелді біреуінің. Киесі атады дедім. Атпайды! Бәстесті. Аққу атамыз, атып көре-йік деді дөйдің баласы. Есімді ілезде жидым. Жоқ жігіттер киесі ұрады деуге ауызым бармады.
Әкесінің беделі тастай, салмағы басым, лауазымы менен жоғары. Қазір даулассам, басым дауға қалады. Сейіл құрам деп барған баламды, достарының көзінше беделін түсіріпсің десе, біттім ғой. Үш есерсоқпен еріп далаға шықтым. Ажалы ма, жоқ бейнеті…жазмышы…іңір байланып келе жатқан мезгіл. Ұйыған тіршілік. Төрт аққу жүр, көл бетінде еркін жүзіп.
-Әне-е!- деп нұсқады дөйдің баласы. Қайсынан бастаймыз? Мергендігімді көріңдер, ортасынан бастап қалпақтай ұшырамын деп міңгірледі. Тырс етіп мылтық атылды. Үні шықпайтын мылтықта. Жарықтық аққу жалп етіп құлады. Есті құс қой. Сезді білем. Қалған үшеуі сұңқылдап аспанға көтерілді. Жыны қозып алғандар пытырлатып атты. Қойыңдар деуге ауызым бармай, аңырап қалыппын. Қайран аққулар солай аяғымыздың астында жатты, кеуделері қызыл қанға малшынып, мергендіктерін айтып тағы да тост көтерді. Даурыққан дауыс даланы жаңғыртты.
Түнде түсімнен шошып ояндым, отыз сегіз жыл бұрын бақилық болған әкем марқұм кірді. Қара киініп алыпты. Өңі тотығып жүдепті. Ашулы. Қабағы қатулы. Сырт айналып тұрып сол құлағымнан «тексіз!» деп айқайлады. Шошып ояндым. Қайта көзімді жұмдым. Аққудың сұңқылы құлағымнан кетпей қойды. Мұндай ащы болар ма?! Сұңқ-сұңқ… алғашқы аққуды атқанда, қанаттарынан күміс тамшылар мөлдірей тамып аспанға ұшқанда көргем, махаббатқа мұндай риясыз адал болар ма, аталықты атқаннан кейін көл бетін айналып ұзақ жүрді. Ажалға мойын ұсынып. Соңғы аққуды мен аттым…иә…аттым мына қарғыс атқыр қолыммен деп алақанын жайды ағам…
Сенбейсің…киесі ұрды! Алдындағы суып қалған шайын ұрттап қойып, күрсінді. Атқанда мені де, ана үшеуінде… үш жігітте жер астында жатыр. Жол апатынан көз жұмды, қыршын кетті, Алматыда қайтыс болды. Ал мен…отырмын. Қарға адым жерге аяқ баса алмай. Қызмет деп жүріп әке-шешемнің, оң тізесінде отырғызып әлдилеген атамның бейітіне де бармаппын. Қырық жылға жуықтапты.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді ғой, текті халқымыз. Е, өліні де ұмыттық. Аспаннан иыққа оқа салып түспеген шығармыз әкенің қанымен, ананың жанымен дүниеге келдік. Сөйте тұра тым құрмаса ел қатарлы жұма күні мешітке кіріп, аттарын атап садақа да бермеппін. Қызметімді сатылап өсірем. Дүниенің түбіне жетем. Елдің үстінен қараймын. Патшаларша өмір сүремін деп сүйретпемді сүйретіп өсу, өну деппін. Бәрі бекер, құр далбаса екен.
Үш жыл бұрын ойламаған жерден ауруханаға түстім. Қан қысымым жоғарлап. Апта жаттым, ай жаттым. Дертімнен айыққандай болдым. Шықтым. Қайта түстім. Аурухананың ақ төсегіне таңылып. Ақыры асқынып кеткен «ақ қан ауру» деді. Сосын жүрек қағысы нашар, бүйректе тас бар, қысқасы жер бетіндегі жебір дерттің бәрі менің бойымнан табылды. Ақыры (иә…ақыры) бірінші оң аяғымды, үш айдан соң сол аяғымды кесті. Отырмын… мүгедекпін. Үйге біреу келсе мүсіркеп қарайтындай.
Шын айтам…бүгін ата-анамның басына барып құран оқытайын, қорымдарға барайын дегем. Бірақ ана бала Астана жаққа жол жүріп кетіпті. Күйінген құдайын қарғайды деп отырмын. Құдай тағаланың не жазығы бар, аққудың көз жасы, көлге тамған, сол көз жастың киесі мені де, ана үш жігітті де ұрды. Өз күнәмді өзім тартып отырмын. Өткенде немереме айттым. Дүниеде ештеңеде мәңгілік емес. Қызмет. Атақ. Барлығы алдамшы! Қолыңнан келсе адамға жақсылық қыл, табиғатқа зиян келтірме деп ақылымды айтқан болдым. Қаланың баласы ғой ұққан болды. Ұққан шығар!
Е дүние, бұрын қызметте жүргенімде қолтығымнан көтеріп, қасымда жүретіндердің барлығының бүгінде қарасы батты. Ешкім келмейді, қалымды білмейді тым құрмаса телефон шалып, амансың ба депте айтпайды. Аққудың көз жасы мені ұрды. Иә айналайын келгенің жақсы болды. Ішімдегі тот басқан мұңды сыртқа шығарып алдым. Асықпа ас ішіп кет деді ағам.
-Жоқ аға асығыс едім, шақырған соң келдім деп орынымнан қозғалдым. Әй Әсия «итарбамды» әперші тым құрмаса, мына дүниенің сәулесін көріп тұщынайын. Сен бала келіп тұр деді. Артыма қарадым…ағаның жан дүниесінде қапалы өкініштің табы бар. Бетіне әжім түсіпті. Тек зор денесі. Жарты дене. Аяқсыз дене. Мүмкіндігі жоқ мүгедек. Шын мүсіркедім. Жоқ мүсіркеуге болмайды дедім тағы да. Бұл кісі аққуды атты.
Аққу құстың төресі. Халқымыз аққуды қадірлеп, қастерлеген. Ақындарымыз жырға, күйшілеріміз күйге салып, әншілеріміз әннің арқауына балаған. Аққудың үш түрі бар елімізде «сұңқылдақ, сыбырлақ, кіші аққу» дейді зертеушілер. Апыр-ай «қарғыс алма» деуші еді үлкендер баяғыда. Қарғыс алып, табиғаттың киесі, аққудың көз жасына қалған ағаның бет-бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Марқұм болып кетсе де, әйтеуір артынан естідім құдайдың берген ажалынан емес, өз-өзіне қол салыпты.
Айтып еді түсімде аққулар сұңқылдап жүр деп. Шыдамаған ғой. Ал ағамның айтқан әңгімесін жаңа жазып отырмын. Көзі тірісінде оқымасын дедім. Адамды жоқшылық емес, тоқшылық тоздырады дегенді бертін бір басылымнан оқығанмын. Рас тоқшылық заманда барды қанағат қылып тәубә деп жүрейік.