-8.7 C
Kokshetau
Сәрсенбі, Наурыз 22, 2023

Қағаз газеттің қадірі кетіп, дәурені өтіп барады

Өзекті мәселеҚағаз газеттің қадірі кетіп, дәурені өтіп барады

Өзіміз өмір кешіп жатқан 21-ші ғасырды «Ақпарат ғасыры» деп атап жүр. Бұлай деуге ақпарат тарату құралдарының қолжетімділігі мен жылдамдығы, оның қамтитын аудиториясының шектеусіздігі әсерін тигізген сияқты. Интернеттің дамуы ақпараттың барынша қолжетімді және жедел таралуына үлкен ықпалын тигізуде.

Бірақ та, таяқтың екі ұшы болатындығы секілді, ақпарат тарату жылдамдығының артуы мен оның көлемінің еселеп көбеюі, соған орай ақпаратты тұтыну  ауқымының өсуі өткен ғасырдағы ең басты ақпарат тарату құралы болған қағаз нұсқадағы газет-журналдардың  осы саладағы рөлін қатты түсіріп жіберді. Рас, өткен ғасырдағы ақпарат аумағындағы басымдық рөлін толық жоғалтпаса да, газет-журналдарды алдымен теледидар, содан кейін интернет ақырындап ығыстырып келеді.  Осылай жалғаса берсе енді бірнеше жылдан кейін қағаз газеттердің ақпарат алаңынан мүлдем шығып қалу қаупі барлығы қазірдің өзінде анық байқалуда.

Мен журналистік қызметімді 1988 жылы аудандық газеттен бастаған едім. Сол тұста Торғай облысы таратылып, сол облыстың құрамында  болған бес аудан Целиноград облысына (қазіргі Ақмола) қосылды. Мен қызмет істеген Қима ауданында орыс және қазақ тілінде шығатын екі аудандық газет болды. «Дала таңы» және «Степная заря» аталатын бұл газеттерде техникалық қызметкерлерді қосқанда жиырмаға тарта адам еңбек етті. Газет шағын форматпен 4 бет болып аптасына үш рет шығатын. Екі жылдан астам уақыт қызмет еткен кезімде газетке қысқа хабарлардан бастап, суреттеме, очерк, тіпті фельетонға дейін жаздым. Барлық жанр болды және газет өте мазмұнды шығатын. Қазақша газеттің таралымы мыңның үстінде болса, орысша газет үш мыңдай болып таралатын. 20 мыңдай ғана тұрғыны бар аудан үшін бұл аз көрсеткіш емес еді.

Шығармашылық тығыз байланыста болған облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары»)  газеті  аптасына бес рет үлкен форматта 4 бет болып шығып тұрды. Газеттің бірқатар аудандарда меншікті тілшілері болды. Таралымы 14-15 мыңның көлемінде еді. Ал орыс тілінде шығатын «Целиноградская правда» (қазіргі «Акмолинская правда»)  1989 жылы 153 мың дана болып таралды. Осы цифрлардан байқалып отырғандай,  ол кезде  газеттердің шығу жиілігі мен көлемі, сапасы, қамтитын аудиториясы өте жоғары болды.

Қазіргі күні аудандық және облыстық газеттердің жайы қандай?  Бұрын аптасына үш рет шығатын аудандық  газеттер қазір аптасына бір рет қана шығады. Таралым саны да қатты түсіп кеткен. Аудандық газеттерде ары кетсе 3-4 адам ғана еңбек етеді. Шынын айтқанда аудандық газеттердің ақпарат құралдары  деген аты ғана, қамтитын аудиториясы  аз, сапасы да төмен. Айналдырған 3-4 адам еңбек еткендіктен, әйтеуір ауданда болған шаралармен газетті толтырған болады. Одан оқырман тұшынып оқитын сапалы материал табу қиын.

Облыстық газеттердің де жайы оңып тұрған жоқ. Бұрын елуден астам адам еңбек етіп, аптасына бес рет шығатын «Арқа ажарында» қазір техникалық қызметкерлерді қосқанда онға тарта адам ғана еңбек етеді. Газет үлкен форматпен аптасына екі рет шығады, таралымы 1700 дана. Бір кезде 153000 дана болып таралған «Акмолинская правданың» қазіргі таралымы  2,5 мыңдай. Кеңес заманымен салыстырғанда кері кетушілік біздің облысымыздың жергілікті басылымдарына ғана тән емес, еліміздің барлық аймақтарындағы жағдай осындай болып отыр.

Ақпарат құралдарының ең басты міндеті: қоғамдық пікір туғызу, сол арқылы қоғамда  мемлекет жүргізіп отырған саяси идеологияны орнықтыру екендігі белгілі. Кеңес заманында бұл міндетті басты ақпарат құралы болып саналатын газеттер мен журналдар, кейінірек ықпалы арта түскен телевидение мен радио атқарып келді. Мен еңбек еткен жылдарда аудандық газет шыққан күні таңертең ауданның бірінші басшысының алдында  жататын және аудан басшысы жұмысын ең алдымен газет оқудан бастайтын.  Сол тұста сын материалдар біраз беріліп жүрді. Сыналған адамдар мен кәсіпорындарға қатысты аудандық партия комитеті мәселе қарап, міндетті түрде шара қолданып жататын. Содан болар, газеттен журналист барғанда жергілікті жердегі басшы-қаралар зәрелері ұшып, қоғадай жапырылып қалатын.

Өкініштісі сол, қазіргі кезде жергілікті басылымдарды да, республикалық басылымдарды да ешкім  көзге іліп жатқан жоқ. Бірнеше жыл бұрын газетке әкімдер күштеп жаздырып, таралым санын солай көтеретін еді. Соңғы кезде  мәжбүрлеп жаздыруға тиым салынып, соның нәтижесінде газет таралымы күрт түсе бастады. Газеттің негізгі оқырмандары сонау кеңес заманынан газет оқып үйренген аға ұрпақ өкілдері. Жастар газет-журналға мүлдем қарамайды. Олардың ақпарат алатын ең басты және жалғыз құралы – интернет болып қалды. Аялдамада автобус күтіп тұрған, көшеде кетіп бара жатқан, автобуста отырған адамдардың көбі телефондарына үңіліп, әлденелерді оқып, болмаса тыңдап отырады. Кеңес заманындағыдай аялдамада немесе автобуста отырып газет оқитын бір адамды көрмейсің.

2005 жылы қызмет бабымен Астанадан Көкшетауға ауысып келген кезімде қалада газет-журнал сататын дүңгіршектер өте көп болатын. Қазір қала бойынша ары кетсе 4-5-уі ғана қалды. Осыған қарап, бүгінде адамдардың газет-журналға деген сұранысының қаншалықты құлдырап кеткендігін бағамдауға болады.  Осы қарқын одан әрі сақталса, енді бірнеше жылдан соң  жергілікті газеттер мүлдем жабылып, оның орнын интернет басатыны анық.

Кезінде барлық ақпаратты газет-журналдан алып үйренген аға ұрпақ үшін қағаз нұсқадағы газеттердің жоғалуы  үлкен қасырет сияқты сезілетіні түсінікті. Десе де, «заманына қарай адамы» демекші, әр заманның өз ерекшелігі, талабы болады. Бүгінде интернет газет-журналды ғана емес,  телевидениені де ығыстырып жатыр. Қазір телевизорды мүлдем қарамайтын жастар бар. Олар барлық ақпаратты түгел интернеттен алады. Интернеттің артықшылығы неде?

Интернет, ең алдымен хабарды жедел таратады. Қазір болған оқиға сол сәтінде барша әлемге таралады. Күні кеше Ресей атқан қанатты ракета Польша жеріне құлап, екі адамның қаза тапқаны әлеуметтік желілерде жаппай айтылып, жазылды. Интернеттің тағы бір артықшылығы, әлеуметтік желілер арқылы таралған хабарларға қатысты әрбір адам өз пікірін жазып, айта алатынында. Бұның өзі сол оқиғаға қатысты жұртшылықтың ұстанымын білуге көмектеседі. Интернеттің тағы бір артықшылығы, оқиғаны жазып, суретімен берумен бірге, оны видеоға түсіріп, тікелей боямасыз көрсетуге де болады.

Сонымен бірге, интернет, оның ішінде әлеуметтік желілер, ақпарат құралдарының ең басты міндеті саналатын қоғамдық пікірді қалыптастыру міндетін  толықтай мойнына алып және оны ойдағыдай атқаруда. Таяуда Рамиль Мухоряпов деген алматылық бизнесменнің Ресейден келген жастардың алдында сөйлеген сөзінде «орысша сұраған адамға қазақша жауап беру мәдениеті төмендік» дегені үшін жұртшылық тарапынан үлкен сынға ұшырады. Әлеуметтік желілерде бизнесменді ит терісін басына қаптап айтып, жазғандар аз болмады. Ол сол сәтінде «жаздым-жаңылдым, кешіріңіздер» деп кешірім де сұрады. Бірақ, соған қарамастан, ашу қысқан жұртшылық оны қылмыстық жауапқа тарту керек деп дабылдатты. Бұл пікірді басқа емес, бірнеше Мәжіліс депутаты қолдап, олар тіпті, Бас прокуратураға әлгі бизнесменнің үстінен шағым  жазып жіберді. Осының салдарынан әлгі бизнесменге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғауға бастама көтерді. Міне, интернеттің қуаты. Сөйтіп, бір кезде газет-журналдар атқаратын осындай істі қазір интернет мойнына алып отыр. Ал газет-журналдар қоғамдық пікір туғызатын пәрменді ақпарат құралы болудан қалып, ақпарат алаңынан ақырындап ығысып шығып барады.

Орыста «свято  место, пусто не бывает» деген сөз бар. Сол сияқты ақпарат алаңынан кетіп бара жатқан газет-журналдардың орнын қазір әлеуметтік желілер мен сайттар басуда. Жоғарыда айтқанымыздай, ақпаратты жедел таратып, адамдардың пікірлерін білдіруге мүмкіндік жасайтын және суретімен қоса, виеокөріністі де бере алатын сайттардың газетке қарағанда ақпарат тарату мүмкіндігі өте жоғары.  Оған қоса, сайт ұстауға кететін шығын газетпен салыстырғанда біршама аз, яғни қаржылық жағынан да тиімді.  Хостинг пен доменге бір жылға төлейтін төлемнен басқа шығын жоқ. Әрине, егер сіз сайттың рейтингін көтеріп, оқырмандарды қамту ауқымын кеңейткіңіз келсе, қосымша шығын шығаруға тура келеді.  Бірақ та, ол газет шығындарымен салыстырғанда анау айтқандай көп емес. Мәселен, газетті басу үшін қағаз керек, баспахана шығыны, оны тарататын поштаға беретін төлем, штаттағы журналистердің жалақысы, олар отыратын офистің жалға беретін ақысы сияқты шығындар жетерлік. Ал сайтта журналистке беретін жалақыдан басқа шығын болмайды, тіпті офистің де қажеті жоқ. Әрбір журналист үйінде отырып та жұмыс істей алады.  Сондай-ақ, сайттың оқырмандарды қамту аудиториясы шектеусіз. Сайтқа жарияланған материалды осы өңірдің тұрғындары ғана емес, интернеті бар барша әлем халқы  оқи алады. Газетке шыққан мақаланы оқыған соң, оны адамдар лақтырып тастай салады. Ал сайтта жарияланған материал ондаған жылдар бойы архивте сақталады. Міне, осындай артықшылықтары сайтты газет нұсқаларға қарағанда тиімді ақпарат құралы ретінде пайдалануға ынталандырады.

Елімізде қазір «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Барлық салада цифрландыру қолға алынып, оның артықшылықтары мен тиімділігін халық көріп, сезініп отыр. Сол сияқты бұндай өзгерістің ақпарат саласына да жетіп, қағаз газеттердің орнын веб-сайттардың басатын уақыты келетіні даусыз. Өйткені, өмір үнемі өзгеріп, қоғам үздіксіз алға жылжып барады. Замана көшінде шаң қауып қалмау үшін де уақыт талабына сай бейімделе білу қажет.

Қалкөз ЖҮСІП.  

 

Сондай-ақ, оқыңыз...

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Ұқсас мақалалар

Тегтер бойынша оқыңыз:

Көп оқылған мақалалар