Тоғызыншы мамыр!
…39 жасқа аяқ басқалы отырмын. Бұйыртса…Жан-жақтан құттықтайды. Шынымды айтсам, қырыққа қадам басқан сайын ойланатын болдым. Қамал алар жасқа келіп, не бітірдім?-деп. Бітіргенім шамалы. Өмірімнің қаншама жылы, айтыспен, тартыспен келе жатыр. 27 жасымнан бастап басымнан сан мыңдаған қиындықтар өтсе де тағдырдың асау толқынына қарай құлашымды ұрамын. Бүкіс тартып, белім майысып, қиындыққа төзіп келемін, шыдап келемін, не деген төзімділік-ай дерсіз?! Шіркін –ай, қалғып кетіп, тұяқ серпімей талып тұрып ұйықтасам, оянғанымда амалы бөлек ғажапстан дейді мемлекетте өмір сүрсем. Адамгершіліктің сұлтандары билеген өзгеше әлемде.
Қазір мен вакум ішінде шала туған бала сияқты өмір сүріп жүрмін. Қоршаған ортам, жұтқан ауам, санасы бүлінген қоғам, қомағайлық, ашкөзділік, пенделік қысқасы «өй… мать!!!» ит терісіне оранғандай!
Ағаны сыйламайтын іні, бейпілауыз тұлымды. Сыпсыңдаған сөз. Айдап салу, қайрап салу. Тұлпары тепеңдеп жетекке еріп кеткендей. Өз-өзімді қайрап қоямын.
«Біз жігерлі халық едік!» деген, тырнақшаның ішіндегі «әдемі ойым» сыртқа шығамын деп ұмтылады. Бірақ, сыртқы, дүлей күш, олардың санасында демократиялық бап, біржақты болып заңдастырылғандықтан дым айта алмайды да, төртаяқтап мешел күй кешеді.
-Сенің сенім артқан адамыңыз анау ма?.. Ол өте айлакер, жағымпаз, сырты пошымы әдемі, іші толған харам!- дейді кезінде «хулиган» болғандар.
-Оппозитция болып біреу шықса, ол сатқын, оңбаған, пәленшенің пікірімен келіспейді, билікке жұмыс істейді т.т…
Қазақта қазір жақсы жоқ. Қазақты билеп тұрған қауесет. Қауесет таратқыштар. Көзге көрінбейтін микробтар арқылы қазақтың күні, күн болмай бара жатыр. «Арға тартпа!..»- деген атам қазақта ұлы сөз бар. Арға тартпай, арман құл,намыс қумай, мақсат тұл. Арға тартады дейтін мықтыны, аяқтан шаламыз, намысына тиеміз, басына қамшы үйіреміз. Өсекке үйір, сөзге шебер, шаруаға келгенде шынтағымызға айналмай қалады.
Таңертен төсегімнен тұрғанда алланың ақ жарық, сәулесін көргеніме шүкір деймін!.. Пасыққа дәулет бітіп, тебегеннің таңын сүзеген айырған қиын кезең. Қиыны сол…Есіме мына бір көрініс түсіп отыр. Осы күнге дейін санамда сайрап тұрған. Жазушы ағама барған сайын, сәлем беремін. Шай ішіп отырып айтты:-Анау темір жәшік (сейф) толған мен туралы ақпарат, арызданушылар, жалған донос берушілер, соныма шырақ алып түсушілер, ит болып ырылдаушылар, қайда барсам да артымнан қалмай келе жатыр,-дейді аға мұң шағып. Бұны естігенде селк ете түстім. Дүниеде тек бір құдай ғана мұңсыз. Жақсы жақсы тілек тілейді, жаман күнде қарғап-сілейдінің кері.
Қайран аға, ауылына мешіт салып берді. Өңірдің көркем дүниесіне, мәдениет, әдебиетіне еңбегін сіңіріп жатыр. Кеңпейіл қулығы болмаған соң, ішітарлар, қазы боламын деп ар қиып жүргендер жата келіп жамандайды. Өздері бола алмайды, болғанды «қырт мінез» танытып көре алмайды.
Іштарлықты, күндесті көрген «біз» қайтып еңсемізді түзеп, сәмбіталдай жайқалып жапырақ жаямыз, алдыңғы толқынның ұсақ тірлігін көріп, ертең бізде де былай сарнап шыға келсек, одан кейінгі ұрпақты ойлаудың өзі, айтудың қиындау болар-ау. Қазірдің өзінде «Алла ақырын бер» деп отырмын. Өзің білмес ісіңді-білгендерден сұрап ал, өліп жатсаң наданнан қабіріңді жырақ сал. Соңынан шырақ алып түскендердің түгі кетпес, адамға психологиялық тұрғыдан шабул жасау нағыз фашистке тән әрекет. Талай сөзді, өсекті естіп келемін. Бірақ, атам қазақ «ә» деген деуден артық іске бармаймын. Ит үреді, керуені шұбатылып көшеді.
Қысқасы, тоғызыншы мамыр күні жұрт той тойлап жатса, мені туған күнімде ой ойлап мұңға батып отырамын. Адам баласы төрт нәрседе үмітті екен:«Жас –өсемін деп үмітті, жалғыз –көбейемін деп үмітті, жарлы-байимын деп үмітті, ауру-жазыламын деп үмітті. Көктемі мен жазы кетіп, жапырағы қуарған ағаштай ұрты солып суалған кәрілікте ғана үміт жоқ» екен ғой. Бірақ кәрілікке жетуім екіталай! Өйткені, ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда.
Он бес жас-құйын қуған желмен тең,
Жиырма жас-дауыл ұрған көлмен тең,
Отыз жас-ағып жатқан селмен тең,
Қырық бес-аю аспас белмен тең,
Жетпіс бесте-өр көңілін жермен тең,
Сексенде-селкілдеген шал боларсың,
Тоқсанда-сексенге де зар боларсың,
Жүзге келсең-дүние қызығынан күдеріңді үз,
Өлмей тірі жүргенге мәз боларсың.
жалғасы бар
Жеңіс Оспанов.